Алматы облысында жаңа спорт кешені салынады. Жоба қайтарылған активтер есебінен іске асырылуда. Үкімет оның іргесін қалауға 1,1 млрд теңге бөлді. Аталған кешен жалпы дене шынықтыру дайындығы бойынша оқу-жаттығу сабақтарына және жарыстар өткізуге арналған. Бокс, күрес және басқа да спорт түрлерімен айналысуға арналған бірнеше зал қарастырылған. Еске сала кетейік, Президенттің тапсырмасы бойынша Арнаулы мемлекеттік қордағы қаражат ел өңірлеріндегі әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына бағытталады. Бұл мақсаттарға 50 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Олардың қатарында 4 мектеп, оның ішінде біреуі музыкалық мектеп, спорт кешені, көпсалалы аурухана кешені, жатақхана, 2 балабақша бар. Сондай-ақ Арқалық, Астана, Алматы қалаларында бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бой түзейді. Жалпы былтыр елімізде барлығы 90 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Басым бөлігі ауылдық жерлерде көтерілді. Бұдан басқа, Үкімет 2025-ші жылдың соңына дейін спорттық инфрақұрылымға ауқымды түгендеу бағдарламасын іске асырып жатыр. Оның аясында 113 жаңа нысан салу және жұмыс істеп тұрған 26 спорт мекемесін жаңғырту көзделген.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

