Қазақстан 2029 жылға дейін шетелден $150 млрд инвестиция тартуды көздеп отыр

Қазақстан 2029 жылға дейін шетелден $150 млрд инвестиция тартуды көздеп отыр

2029 жылға дейін экономика көлемін 2 есе – 450 млрд долларға дейін көтеру жоспарланып отыр. Үкімет алдында қазір осындай ауқымды жоспар тұр. Бұл үшін елде бірқатар ірі серпіліс беретін жобалар мен өндірістік кәсіпорындар ашу жоспарланған. 6 жылда экономикаға 150 млрд АҚШ долларын тарту көзделіп отыр. Ол үшін ESG стандарттарын қабылдау да жоспарлануда. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Шетелдік Инвесторлар Кеңесінің бастапқы отырысында айтты. Жиында тараптар Қазақстандағы инвестициялық климатты жақсартудың мүмкіндіктері мен әлеуеті туралы сөз қозғады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-
Үкімет инестиция көлемін арттыруға, жоғары технологиялардың әкелінуіне, өндірісті елімізде орналастыруға шикізатты өңдеу кластерін құруға мүдделі. Өңдеуші секторды қарқынды дамыту – біздің басты мақсатымыз. Үкімет экономиканың өсу динамикасын сақтап қана қоймай, инвестициялық климатты жақсарту үшін барлық шараларды қолға алады. Сондықтан, барлық шетелдік инвесторларды Қазақстанға шақырамыз.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, өндірістік қуаттың артуы үшін қажетті заңнамалық база мен институционалдық орта қалыптастырылды. «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң қабылданды. Сонымен қатар жаңадан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылды. Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр айтылған барлық ұсыныстар мен пікірлердің пысықталатынын атап өтті. Сондай-ақ іс-шара аясында Әлихан Смайылов Шетелдік инвесторлар кеңесін және жалпы республиканың инвестициялық ахуалын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыс етті.