Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өз мәресіне жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев форумның жабылуында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы татулық пен тұрақтылық баянды болашақтың мызғымас кепілі екенін ерекше атап өтті. Съездің басты жемісі – «Астана бейбітшілік декларациясы -2025» құжаты қабылданды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары экстремизмге, зорлық-зомбылық пен діни өшпенділікке қарсы күреске жұмылды. Дегенмен, басты мақсат - адамзаттың дамуы үшін күш біріктіру.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Екі күн ішінде сіздер Съезд жұмысының басты бағыттары
мен келешек күн тәртібі туралы ортақ ұйғарымға келдіңіздер. Ол бірлескен
қорытынды Декларацияда көрініс табады. Барлық форум қатысушыларын, сондай-ақ
Ізгі ниет елшілерін осы Декларацияның идеяларын белсенді насихаттауға
шақырамын. Сіздердің климат өзгерістерімен күрестегі дін басшыларының рөлі
туралы құжат әзірлеу, сондай-ақ дін және гуманизм тұрғысынан жасанды
интеллектіні жауапкершілікпен пайдаланудың жалпыға бірдей қағидаттарын
қалыптастыру туралы Съезд Хатшылығына берген ұсынымдарыңызды толық қолдаймын.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы тарихи ескерткіштерді, мәдени әралуандықты және адамзаттың рухани мұрасын сақтау үшін діни нысандарды қорғау өте өзекті екенін жеткізді. Съезд аясында БҰҰ-ның қолдауымен осы тақырыпты арқау еткен арнайы сессия өтті. Жас дін көшбасшыларының форумы да рухани дипломатияның дамуына зор үлес қосты. Мемлекет басшысы дінаралық және мәдениетаралық диалогты толық қолдайтынын және Съездің жаһандық пікірталас алаңы ретінде ықпалын арттыруға тырысатынын атап өтті. Айта кетейік, рухани көшбасшылардың келесі форумы 2028 жылға жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз Съезд Хатшылығының БҰҰ институттарымен
және басқа да құрылымдармен серіктестік желісін кеңейтуді жалғастырамыз. Съезд
идеяларын ілгерілету үшін бірқатар іс-шара ұйымдастырылады. Оған халықаралық
серіктестеріміз, жастар, сарапшылар, волонтерлік ұйымдар қатысады.

