Астана мен Токио цифрлық технология, халықаралық қаржы және білім беру секілді негізгі салаларда серіктестік орнатуға ниетті. Оның мүмкіндіктерін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жапония астанасының губернаторы Юрико Коикэ қарастырды. Мемлекет басшысы сапардың Қазақстан мен Жапония арасында орнаған кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің 10 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын, мұның символдық мәні бар екенін атап өтті. Сонымен қатар тараптар заманауи мегополистерді басқару мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Smart City тұжырымдамасын ілгерілететінін және әлемнің ең қауіпсіз, таза әрі тиімді басқарылатын қалаларының бірі Токиомен тәжірибе алмасуға ынталы екенін атап өтті. Өз кезегінде Юрико Коикэ Қазақстанда экономикалық өсім, жасанды интеллект, цифрландыру және инвестиция тарту бағыттарын дамытуды көздейтін іргелі реформаларды жоғары бағалайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сізді жаһандық деңгейдегі көрнекті саясаткер ретінде танимыз. Көреген басшылығыңыз бен еліңіз үшін ұзақ жылдар бойы атқарған қызметіңіз құрметке лайық. Қазақстан жұртшылығы Сізді мемлекет қайраткері және еліміздің досы, серіктесі деп біледі. Қазақстанның тарихы мен мәдениетін дәріптеуге бағытталған еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Бұл қос халықтың ынтымағын арттыра түседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға былтыр жасаған ресми сапарын ықыласпен еске алып, соның нәтижесінде екіжақты қарым-қатынас жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілгеніне назар аударды. Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Жапония арасындағы достық байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Юрико Коикэні І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

