Қазақстан мен Ресейдің сыртқы
істер министрлері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге алдағы мемлекеттік
сапарына дайындықты талқылады. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы 12 қарашада
Ресейге барады. Сондай-ақ, Ермек Көшербаев пен оның ресейлік әріптесі Сергей
Лавровтың кездесуі барысында елдеріміздің саяси, сауда-экономикалық,
мәдени-гуманитарлық және басқа да маңызды салалардағы ынтымақтастықты
нығайтудың әлеуеті жан-жақты қаралды. Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының
басшысы өзара дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толған дәл осы
күнгі кездесудің символдық мәні бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл
екіжақты диалогтың сенімді сипатын көрсетеді. Осы орайда бұл сыртқы істер
министрі Ермек Көшербаевтың тағайындалғаннан кейінгі Ресейге алғашқы ресми
сапары екенін айта кету керек.
Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер
министрі:
- Біздің мемлекеттеріміздің
көшбасшылары, яғни Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы
Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Владимирович Путин
арасындағы сенімді байланыстар екіжақты қатынастарды дамытуда маңызды рөл
атқарады. Жоғары деңгейдегі тұрақты диалог біздің мемлекеттеріміз арасындағы
ынтымақтастықтың барлық кешеніне серпін береді.
Сергей Лавров, РФ ҚР Сыртқы істер
министрі:
- Бүгін біз Қазақстан Президенті
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарын
дайындауға ерекше көңіл бөлдік. Көшбасшылардың дипломатиясы Ресей-Қазақстан
ынтымақтастығының барлық кешеніне тың серпін беріп келеді. Ресей Қазақстанның
жетекші сауда серіктестерінің бірі, сондай-ақ Қазақстан экономикасының ірі
инвесторы. Бұған қоса, жылу және гидроэнергетика бағытындағы бірлескен жобалар
арқылы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөлінеді.

