Биыл маусым айында Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтары алқабының құрылысы
басталады. Құрылыс алаңында геодезиялық жұмыстар аяқталды,
инженерлік-геологиялық ізденістер жүргізілуде және болашақ модульдік блоктарға
арналған шұңқырлар әзірленуде. Премьер-министр Олжас Бектенов ауқымды жобаның ағымдағы
жағдайы жөнінде кеңес өткізді. Жиында үздік халықаралық тәжірибені ескере
отырып, электр энергетикасы, деректерді сақтау және өңдеу, ақпараттық
қауіпсіздік салаларындағы тәсілдер қаралды. Тың бастаманы іске асыру үшін жасанды
интеллект және бұлтты есептеу саласындағы жетекші халықаралық компаниялар
қатарынан әлеуетті қатысушылардың пулы құрылды. Жоба шеңберінде alem.ai
халықаралық орталық базасында жергілікті AI-экожүйені, зерттеу бастамаларын,
кадрлар даярлауды және технологиялық стартаптарды қолдаудың бірлескен
бағдарламаларын дамыту көзделген.

