Еліміздің «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы АҚШ Сауда палатасымен стратегиялық әріптестік орнатады. Тараптар
Астанада өткен Қазақстан–АҚШ іскерлік дөңгелек үстелінде тиісті меморандумға
қол қойды. Жалпы елдер өзара өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, ауыл
шаруашылығы және көлік-логистика салаларында бірлескен жобаларды іске асыруды
жоспарлап отыр. Мәселен, былтыр қараша айында Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары
кезінде құны 25 млрд доллардан асатын инвестициялық келісімдерге қол қойылған
еді. Нәтижесінде өзара алыс-беріс қарқын ала түсті. Биылдың алғашқы тоқсанда
ғана арадағы тауар айналымы 1 млрд доллардан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңінен
10% өскені байқалады.
Қанат Шарлапаев, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы:
- Осы форумға қатысатын 200 компания тіркелді. Олардың
ішінде технологиялық жағынан компаниялар бар, индустриялық компаниялар бар,
одан кейін қаржы саласындағы компаниялар қатысып отыр. Бүгінгі күнде америкалық
компаниялар тек қана ресурстық инвестицияны ғана салмай, өңдеу өнеркәсібі
саласында өте белсенді жұмыс істеп жатыр.
Джефф Эрлих, Қазақстандағы АҚШ сауда палатасының атқарушы
директоры:
- Соңғы бір-екі жылда біз бизнес кездесулер, іскерлік байланыстар санының күрт өскеніне куәі болып келеміз. Америкалық компаниялар Қазақстанға үлкен қызығушылық танытып, түрлі салалардағы ынтымақтастыққа бет бұрды. Меніңше, Америка Құрама Штаттарының Үкіметі де бүгінгі таңда Қазақстанды ең алдымен іскерлік ынтымақтастық призмасы арқылы қарастырып отыр.

