Қасым-Жомарт Тоқаев елдің бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізді. Президент жағдайды қалыпқа келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдаумен қатар жүйелі жұмыс қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Республикалық штаб құру, барлық өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту, ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- 11 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Судың беті қайтқан жерлердегі үйлеріне бір бөлігі қайтып үлгерді. Дегенмен, көпшілігі әлі де өз қоныстарына қайта алмайды. Сондықтан, барлық қажеттіліктерімен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл жерде біз барлық ресурстарды өте нақты есептеп, адамдарға көмек көрсетуіміз керек. Біз бүгіннен бастап шығын көлемін бағалауды бастап, сонымен қатар адамдарға келтірілген залалды өтеуге көмектесуге бірден кірісуіміз керек. Ресурстар бар, бәрі қалпына келеді.