Қазақстан Президенті су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды марапаттады

Су тасқынына қарсы күресте қазақстандықтар шынайы ынтымақ пен бірлік танытты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла атсалысып, азаматтарымыз апаттың өршуіне қарсы тұрды, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Ақордада Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы іс-шараларға белсене қатысқан қазақстандықтарды марапаттады. Президент, бұл бұрын ешқашан болмаған ең жойқын табиғи апат деді. Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланып, 19 мыңнан астам тұрғын үйді су басты. 120 мың адам эвакуацияланды. Топан сумен күреске күштік құрылымдардың 63 мыңнан астам қызметкері, құтқарушылар, дәрігерлер, бизнесмендер мен еріктілер атсалысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

-Ұлттық еріктілер желісі табиғи апат болған сәттен бастап ерекше белсенді болды. 50 мыңнан астам волонтер көмек керуендерін ұйымдастырды. Олар апат аймақтарына азық-түлік және басқа да қажетті заттарды жеткізуге атсалысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы ортақ іске мол септігін тигізді.

Мемлекет басшысы жинап жүрген қаржысын Құлсары тұрғындарына аударған Гауһар Шаймерденнің ата-анасына алғыс айтты. Сондай-ақ Атырау облысының тұрғындары – тоқсаннан асқан Орынша Тоқтыбаққызы мен Әлия Досмұханованың ерен еңбегін ерекше атап өтті. Бұдан бөлек, Президент көмек бергені үшін бауырлас мемлекеттерге, халықаралық компаниялар мен ұйымдарға ризашылығын білдірді.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

-Нағыз достық қиындықта сыналады деп тектен-тек айтпайды. Кейбір шетелдік азаматтар зардап шеккен адамдарға жәрдемдесу үшін арнайы келді. Осы сәтті пайдаланып, қиын-қыстау шақта қолдау білдіргені үшін шетелдік серіктестерімізге және достарымызға шын жүректен ризашылығымды білдіремін. 

Президент баспанасыз қалған адамдарға «Қазақстан халқына» қорынан тұрғын үй салуға қаражат бөлінгенін айтты. Жалпы, 2200-ден астам үй салынып, 10 мыңға жуық баспана күрделі жөндеуден өтеді. Отандық кәсіпкерлер де тасқынның зардабын жоюға қомақты қаражат бөлді. Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи апаттың салдарын жоюға қатысқандардың барлығына ризашылығын білдіріп, «Таза Қазақстан» акциясын еске салды. Ол қазақстандықтардың қалалар мен ауылдарды абаттандыру жөніндегі күш-жігерін одан әрі біріктіруге және қоғамдағы экологиялық сананы дамытуға арналғанын атап өтті.