Қазақстанда жаңа технологияларды қолдану арқылы енді автомобиль
жолдарының жарамдылық мерзімі әлдеқайда артып, асфальт және бетон қабаттары да
жақсарады. «Superpave» жолдарды жобалау жүйесі бүгінде әлемнің 30-дан астам
елінде кеңінен қолданылуда. Оның ішінде, АҚШ, Канада, Сауд Арабиясы, Жапония
мен Оңтүстік Корея бар. Технологияның ерекшелігі – PG Grade арнайы әзірленген
шкаласы бойынша асфальт-бетон құрамын дәл зертханалық есептеу арқылы жасайды.
Бұл дегеніміз - жол қабатының құрамына кіретін элементтер салынатын аудан
ерекшелігіне қарай таңдалады. Оның ішінде климаттық сипаттамалар, жолға түсетін
салмақ қарқыны және соңғы 20 жылдағы температуралық өзгешеліктер есепке
алынады. Қазақстанда «суперасфальтты» бірінші бейімдеп, тек содан кейін қолдану
жоспарлануда. Осы мақсатта Жол ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары ұлттық
стандарттарды әзірлеп жатыр. Артынша, асфальт-бетон зауыттары соның негізінде
жұмыс істейді.
Манарбек
Жұмамұратов, Қазақстан Жол ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері:
– «Superpave» жаңа
технологиясын енгізу бойынша мемлекеттік тапсырма аясында, біздің институт
органикалық байланыстырғыштардың пайдалану сипаттамаларын анықтау үшін
зертханалық тексеру жұмыстарын жасап жатыр. Ол Қазақстанның барлық өңірлерінің
климаттары бойынша тексерілуде.
Қайрат Мұхамбетқалиев, Қазақстан
Жол ғылыми-зерттеу институтының жаңа технологиялар басқармасының басшысы:
– Бұл технологияның
артықшылығы – асфальт-бетон қабатының жарамдылық мерзімі 1,5-2 есе артады.
Осылайша, біз ойық, жарықшақ, шұңқыр немесе қабатының жылжып кетуі секілді
жолдардағы өзекті мәселелерді шешуге ниеттіміз. Бүгінде осы бағытта зертханалық
жұмыстар жүргізіліп жатыр.