Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады. Оның мәтіні Ақорда сайтында жарияланған. «Біз 9 мамырда бейбіт өмір мен тыныштықты қорғау жолында құрбан болып, майдан даласынан қайтпай қалған батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Соғыс және тыл ардагерлеріне шексіз ризашылық білдіріп, айрықша құрмет көрсетеміз», - деп жазылған құттықтауда. Мемлекет басшысының сөзінде еліміздің бұл жеңіске сүбелі үлес қосқанын, әлемде әділдік орнап, көпшілік бостандық алғанын жазды. Президент ұрыс даласында отандастарымыздың көрсеткен ерлігі қазіргі өскелең ұрпаққа патриотизм мен батырлықтың үлгісін көрсеткенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ, батыр бабаларымыздың қан майдандағы ерік-жігері болашаққа нық сеніммен қарауға мүмкіндік бергеніне ерекше назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев барлық қазақстандықтарға зор денсаулық пен ашық аспан тілей отырып, осы күннің бейбітшілік жолында кеткен құрбандарды еске алудағы маңыздылығын атап өтті.