Қазақстан мен Черногория Президенттері келіссөз жүргізді

Қазақстан мен Черногория Президенттері келіссөз жүргізді

Астана Черногория Президентін қабылдады. Яков Милатович Қазақстанға ресми сапармен келді. Тәуелсіздік сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекеттер басшылары бір біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Қазақстан мен Черногорияның әнұрандары шырқалды.

Содан кейін президенттер келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапар тарихи мәнге ие екенін атап өтті. Ол оның екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретініне сенім білдірді. Қазақстан Черногориямен өзара қызығушылық танытқан барлық бағытта тығыз ықпалдастық орнатуға дайын.

Сауда-инвестиция, көлік байланысы, цифрлық шешімдер, АӨК және туризм бірлескен жұмыстың басым бағыттары. Өз кезегінде Яков Милатович Астана мен Подгорица арасындағы байланыстардың көкжиегі кеңейе түсетініне сенім білдірді.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

–  Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліңіздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуымен құттықтаймын. Осы жылдарда біз жақсы қарым-қатынас орнаттық. Өзара ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыта түсу керек деп ойлаймын. Оған ешқандай кедергі жоқ.


Яков Милатович, Черногория Президенті:


– Бұл сапар байланыстарымыздың жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Мен мұнда достас елдің өкілі ретінде келдім. Черногорияның іскерлік орта өкілдері де осында. Екі елдің сауда палаталары бизнес форум өткізеді, бірқатар меморандумға қол қойылады.


Черногория Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді серіктестерінің бірі. Тараптар тұрақты сипат алған жоғары деңгейдегі саяси байланыстар қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Подгорицада Қазақстан Бас консулдығының ашылуы екіжақты байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді. Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Черногорияның дипломатиялық миссиясын ашуды ұсынды. Мемлекет басшысы черногориялық іскер топтарға өзара тауар айналымы мен экономикалық іс-қимылды кеңейту үшін елде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырылғанын жеткізді.  


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

–  Қазақстан нарығына кіргісі келетін черногориялық компанияларды қуана қарсы аламыз. Біз кәсіпкерлеріңізге қолайлы жағдай жасауға дайынбыз.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория басшылығының Еуропа Одағына мүше болуды көздеген сындарлы әрі дәйекті саясатына жоғары баға берді. Ал Яков Милатович бұл алаңның елдердің өзара іс-қимылын одан әрі нығайтатынын атап өтті.

Яков Милатович, Черногория Президенті:


–  Біз қазір Еуропа Одағына мүше болу үдерісінің соңғы кезеңіндеміз. 2028 жылы Одақтың толық мүшесі боламыз деп үміттенеміз. Бұл Черногория мен Қазақстан арасындағы серіктестікті нығайтатын тағы бір алаң болмақ

Қос тарап туризм, жоғары білім және ғылым салаларындағы серіктестікті, мәдени-гуманитарлық байланыстарын ілгерілетуге уағдаласты. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория тарапына Ұлттық кітапханасы жанынан Абай орталығын ашқаны үшін ризашылығын білдірді. Келіссөз қорытындысы бойынша Мемлекеттер басшылары Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сапар аясында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Олар туризм, БАҚ салаларындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ сауда-экономикалық палаталары арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға қатысты.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?