Қазақстандықтардан e-Otinish және Egov платформалары арқылы Парламенттік реформаға қатысты 500-ге жуық ұсыныс түсті. Қазір азаматтардың бастамаларын талдау, жүйелеу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік кеңесші Қазақстан Президентіне Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы қызметінің аралық нәтижелері туралы мәлімет берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қаринмен және Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевпен жұмыс кеңесін өткізді. Жұмыс тобының бұған дейінгі отырыстарында бір палаталы Парламентті қалыптастыру және оның заңнамалық функцияларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. 9 қаңтарға жоспарланған кезекті жиын да қалған бағыттар бойынша ұсыныстар егжей-тегжейлі қаралады. Мемлекет басшысы Парламентті реформалау саяси жүйені трансформациялау үдерісінде ерекше рөл атқаратынын атап өтіп, барлық бастаманы жан-жақты саралап, оның негізінде конституциялық реформаның базалық тәсілдерін әзірлеуді тапсырды.

