Қазақстан Президенті «Лукойл» компаниясының еліміздегі қызметіне 30 жыл толуына орай өткен мерейтойлық
іс-шарасына қатысты. Осы уақыт ішінде компания отандық мұнай-газ саласына 12 млрд
доллардан астам қаржы салды, 100 млн тоннаға жуық мұнай және 60 млрд текше метр
газ өндірді. Қасым-Жомарт Тоқаев «Лукойл» Қазақстан мен Ресейдің экономикалық
әлеуетін арттырып, өзара серіктестікті нығайта түсуге мол үлес қосып жатқанын
атап өтті. Компанияның қатысуымен Теңіз кен орнындағы Кеңейтудің болашағы
жобасы табысты аяқталды. Бұл әлемдік мұнай-газ саласындағы ірі бастамалардың
бірі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Каспий қайраңында «Лукойл» «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесе
«Қаламқас теңіз» және «Хазар» секілді перспективті жобаларды жүзеге асыруға
кірісті. Бұл – стратегиялық жобалар. Кен орындарын игеру үшін алты миллиард доллардан
астам тікелей инвестиция құю және екі мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу
көзделген. Аталған жобадағы қазақстандық үлесті арттыру мақсатында теңіз
мұнайын өндіру платформасына Маңғыстау облысының кеме жасау және жөндеу
өндірісі тартылған. Кәсіпорын Қарашығанақ кен орнында жұмысын жемісті
жалғастырып келеді.
Сондай-ақ, компания Каспий құбыр консорциумын дамытуға атсалысуда. Осы
стратегиялық мәні зор бағдар арқылы Қазақстан мұнайы ондаған мемлекетке
жеткізіліп жатыр. Мемлекет басшысы 6 жыл бұрын Алматы өңірінде жағармай
зауытының іске қосылуын ынтымақтастық тарихындағы ең маңызды кезең ретінде
атады. Қазақстан Президентінің айтуынша, бұл – еліміздегі жоғары халықаралық
стандарттарға сай келетін өнім өндіретін алғашқы кәсіпорын. Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ саласының
алдында қолданыстағы кен орындарын одан әрі игеру міндеті тұрғанын тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сонымен қатар ауқымды геологиялық барлау, шикізатты терең өңдеу
жобаларын іске қосу, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу,
сондай-ақ адамға, әлеуметтік салаға инвестиция құю жұмыстарының маңызы зор.
«Лукойл» компаниясы бұл басымдықтарды толық қолдайтынына, болашақта стратегиялық
ынтымақтастықты дамытуда жаңа табыстарға қол жеткізетінімізге сенімдімін.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның энергетикалық әлеуетін дамытуға қосқан зор
үлесі үшін белгілі кәсіпкер және қоғам қайраткері Вагит Алекперовті І дәрежелі
«Барыс» орденімен марапаттады.Сондай-ақ «Лукойл» компаниясының Қазақстанда
жұмыс істейтін бірқатар қызметкері мемлекеттік наградаға ие болды.

