Қазақстан Президенті мен Иордания Королі Astana Hub – Орталық Азиядағы ең
ірі инновациялық кластеріне барды. Онда жоғары мәртебелі меймандар әлемдік
нарыққа шыққан отандық компаниялардың әзірлемелері, сондай-ақ еліміздің ІТ және
жасанды интеллект саласындағы жетістіктерімен танысты. Олардың қатарында
мемлекеттік секторға АІ-шешімдер әзірлейтін зертхана, Қазақстанда және шет елде
1 млн аса оқушы пайдаланатын математика пәнінен білім беру платформасы және жолаушы
және жүк тасымалы, жеткізу қызметін ұсынатын жаһандық платформа бар. Цифрлық
даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев биыл күзде
Астанада ашылуы жоспарланып отырған Alem.AI Халықаралық жасанды интеллект
орталығының тұжырымдамасын көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн Астана халықаралық қаржы
орталығын да аралап көрді. Оның негізі қаланған сәттен бері 17 млрд доллардан
астам инвестиция тартылған. Орталыққа 85 елдің 4200-ден астам компаниясы
резидент ретінде тіркелді. Мұнда мәртебелі меймандар Орталықтың қызмет
нәтижелерімен, АХҚО сотының, Халықаралық төрелік орталығының, Қаржы қызметін
реттеу комитетінің және АХҚО биржасының, сондай-ақ бірегей корпоративтік «Сенім
музейінің» жұмысымен танысты.

