Мемлекет басшысы
– Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында әскерилер мен күш құрылымдары өкілдерін
Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады. Қауіпсіздік
мәселелері, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту, қызметтердің беделін көтеру –
негізгі мемлекеттік басымдықтар мен міндеттер. Егемен еліміз Қарулы күштерге зор сенім артып
отыр, деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жауынгерлеріміз
күрделі міндеттерді табысты орындап, халықаралық тұрақтылықты нығайту ісіне де
зор үлес қосуда. Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын
дербес орындау мәртебесіне ие болған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ішіндегі
жалғыз мемлекет. Бұл әлем елдерінің қазақ армиясына деген сенімі жоғары екенін
көрсетеді.
Әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы
органдар қызметкерлеріне кеңінен қолдау көрсетіліп келеді. Осыған бағытталған іс шаралар кешені
қалыптасқан. Кадрлық әлеуетті
нығайту ісіне көңіл бөлінуде. Әскери оқу орындарының үздік түлектеріне оқуды тәмамдаған
кезде бірден «аға лейтенант» дәрежесін беруге қатысты тиісті түзетулер Парламентте қарастырылып
жатыр. Жалпы, биылғы жыл және келесі 2027 жылдар әскери білім беру сапасын арттыруға арналуы керек, – деді
Қасым-Жомарт Тоқаев. Біз кез келген қақтығыс дипломатиялық жолмен, келіссөздер арқылы
шешілуге тиіс деп есептейтін
бейбіт елміз, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан
әлемнің барлық елімен достық қарым-қатынасын нығайта береді. Осы мызғымас
ұстанымдар жаңа Ата заңымызда нақты айқындалды. Бірақ бұл қамсыз отыру қажет
деген сөз емес. Еліміз түрлі сын-қатердің алдын алуға және кез келген қауіпке
төтеп беруге дайын болуға тиіс. Сондықтан мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін
күшейтіп, әскерімізді ең бірінші кезекте технологиялық тұрғыдан жаңғырта
беруіміз қажет. Бұл – қазіргі тұрақсыз, құбылмалы заманның талабы.
Қасым-Жомарт
Тоқаев жаңа Конституцияның Егемендіктің, аумақтық тұтастықтың және қоғам бірлігінің кепілі
ретіндегі маңызына ерекше назар аударды. Жасампаз патриотизмнің рөлін атап өтті. Мысалы, өмірін өз
елі
мен халықына қызмет етуге арнаған қаһармандар жастарға үлгі. Енді олардың
есімдерімен көшелер мен мекемелер ғана емес, ведомстволық наградалар да аталады. Осындай алғашқы марапаттың бірі – 15 жыл
бұрын жанынан безген терроршыны ұстау барысында қаза тапқан полиция капитаны
Ғазиз Байтасов атындағы медаль. Мақсатымыз – батырларымыздың ерлігін мәңгі есте
қалдыру. Берлинде Жеңіс туын ілген майдангер Кенжебай Мәденовтің ерлігіне құрмет көрсетіліп, тарихи әділдік қалпына келтірілді. Қасым-Жомарт Тоқаев оған «Халық қаһарманы»
атағын беру туралы Жарлыққа қол қойып, ерекше мемлекеттік марапат – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденін
марқұмның ұлы Махамбет Кенжебайұлына табыс етті. Президент сондай-ақ салтанатты
рәсімге қатысушыларды мемлекеттік наградалармен, жоғары әскери және арнаулы
атақтармен марапаттады.

