Қазақстанда су тасқынына қарсы іс-шараларды көрсететін онлайн-трансляция іске қосылды. Енді онлайн-трансляцияны пайдалана отырып, әрбір азамат су тасқынына дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тікелей көре алады. Бейнебақылау жүйесі 3 қала – Атырау, Орал және Қостанайда іске қосылды. Ол бөгеттердің және қосымша қорғаныш үйінділерінің салынуын бақылап, адамдардың жедел хабар беруіне септеседі, – дейді цифрлық даму министрлігінің өкілдері.
Бүгінде онлайн трансляция Атырау мен Атырау облысындағы 22 камерадан және Орал мен Қостанай қалаларындағы 6 камерадан жүргізілуде. Олардың саны қажет болған жағдайда ұлғайтылуы мүмкін. Сондай-ақ, өңірлерде геодезистер штабтары құрылған.
Альбина Атен, ҚР ЦДИАӨМ ресми өкілі:
– Тәжірибелі геодезияшылармен бірлесе Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы Орал, Атырау қалаларында және Январцево, Көшім, Тайпақ, Индербор, Махамбет, Еркінқала, Жаңаталап ауылдарында 8 өлшеу бекеттерінде геодезиялық өлшеу жұмыстарын жедел жүргізіп, сонымен қатар Павлодар облысындағы Ертіс өзеніндегі 6 бақылау-өлшеу станциясын үйлестіру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, Жайық өзені бойындағы автомобиль жолдарының үйінділерін, бөгеттің жоғарғы жағын су басу қаупі бар аймақтарда Жайық өзені бойында қорғау үшін орнатылған қоршау үйінділері мен құрылыстарды геодезиялық өлшеу жүргізіледі.