Қазақстан Президенті Астананы дамыту жөнінде кеңес өткізді

Қазақстан Президенті Астананы дамыту жөнінде кеңес өткізді

Қазақстан Президенті Астананы дамыту жөнінде кеңес өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы серпінді шешімдері бар қарқынды өсіп келетін қала екенін атап өтті. Инвестиция, құрылыс, шағын және орта бизнес саласындағы көрсеткіштер бойынша бас шаһар алдыңғы орында тұр. Астана экономикасы биыл 30 млрд доллардан жоғары болады деп күтілуде. Мемлекет басшысы еліміздің бас қаласы басқа аймақтарға үлгі болуға тиіс екенін айтты. Президент ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қаламыздың келбеті айтарлықтай жақсарғанын айтып, жоғары бағасын бергенін тілге тек етті. Бұл – әлемдік ірі державалардың басшылары Астананың келбетіне мән беріп қарайды деген сөз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Oxford Economics 2025 индексіне тоқталайын. Бұл зерттеулер әлемнің ең ірі мың қаласын экономика, адам капиталы, тұрмыс сапасы, қоршаған орта және басқару санаттары бойынша бағалайды. Астана Азия құрлығында 36-орынға жайғасса, әлем бойынша 276-орынға тұрақтап, өңіріміздегі бәрімізге белгілі қалалардың алдына шықты. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені әлеуетіміз зор. Біз үнемі алға жылжуымыз керек.

Мемлекет басшысы қалада жасанды интеллект және цифрлық технологияны дамытуға баса мән беру керектігін тілге тиек етті.  Астанада Smart City жобасы қолға алынды. Жақын арада елордада Жедел басқару орталығы іске қосылмақ. Қаладағы бейнекамералар жұмысы мен басқа да қызметтер осы орталықтан басқарылады. Қазір платформаны іске қосу үшін Деректерді талдау орталығы салынып жатыр. Осы цифрлық инфрақұрылымды құқық қорғау органдары да қолдана алады. Сол арқылы қаланың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік туады. Президент Еліміздегі басқа қалалар да осындай платформаны енгізуге тиіс деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Көлік-логистика инфрақұрылымын одан әрі дамыту маңызды. Қалада сапалы және қолайлы инфрақұрылым болуға тиіс. Биыл Астананың көлік жүйесін дамытудың 2035 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы қабылданды. Қоғамдық көліктердің санын көбейту қажет. Жеңіл рельсті көлік жобасы да өте маңызды. Көп ұзамай оны толық іске қосу керек. Мен жеңіл рельсті көлік желісін ұзарту туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл қадам көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Үкімет, ең алдымен, жобаны қаржыландыру мәселесін шешуге тиіс.

Президент қаланың көлік-транзит әлеуетін арттыру үшін жаңа әуежай салу мүмкіндігін қарастыру қажет деді. Үкімет пен әкімдіккке осы мәселені мұқият пысықтап, нақты ұсыныс енгізу тапсырылды. Коммуналдық инфрақұрылымды жедел жаңғыртудың маңызы зор. Шаһар тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарға салмақ артып келеді. Төртінші ауыз су станциясын межелі мерзімде салу қажет деді мемлекет басшысы. Сондай-ақ, жаңа электр қуатын жеткізуші нысандар құрылысын жеделдету керек. Бас қалада жаңа емханалар мен мектептер салынады. Бұдан бөлек, Президент Астана және өзге де ірі мегаполистер маңында экопарктер жасауды тапсырды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?