Қазақстанның Қызылорда өңірінде зейнеткер Ыбырайхан Мұсабаев 15 жылдан бері тропикалық жемістер мен гүлдерді жерсіндірумен айналысып келеді. Өңірдің сортаң топырағы мен 40 градус шіліңгір шілдесіне шыдайтын өсімдіктерді зерттеп, баптайды. Өсіреді. Қарт бағбанның бағына кірсеңіз, өңірде өспеген өсімдік түрлерін көріп, таңқаласыз. Тропикалық гүлдерді былай қойғанда, кәдімгі пальма ағашы жайқалып тұр. Тіпті анар жемісін де жерсіндіріпті.
Ыбырайхан
Мұсабаев, Бағбан:
- Ең бірінші гүлге адамның көңіл күйі керек. Шын көңілмен қарау керек. Тек еге салып, қарағанға өсе қоймайды. Бұның да тірі жаны бар - зат қой. Адамды қалай күтсең бұны да, солай күту керек.
Әрине бұл
істің машақатыда көп. Баптағаныңның бәрі бүр жара бермейді. Бірақ бағбанның
бастаған ісінен бас тартқан кезі жоқ. Керісінше, сәтсіз шыққан тәжірибесін
бірнеше рет қайталайтын көрінеді. Соның нәтижесінде иран бақтай жайқалған
жылыжайда гүлдің түр-түрі төгіліп тұр.

