Қазақстан ИКАО-ның экологиялық авиациялық отын бағдарламасына қосылады

Еліміз Халықаралық азаматтық авиация ұйымының экологиялық авиациялық отын саласындағы бағдарламасына қосылады. Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында бірінші болып ИКАО-мен осындай келісім жасасты.  

Осылайша еліміз ұшу кезінде қоршаған ортаны ластайтын зиянды заттар шығындыларын азайтуды мақсат етеді. Яғни экологияны қорғау бағытын таңдаған. Жақында тараптар тиісті уағдаластыққа келді. 

Айта кетейік, ұйым 2050 жылға дейін халықаралық рейстерден таза нөлдік эмиссияға қол жеткізуді көздеп отыр.  

Әділет Көбенов, ҚР Көлік министрлігінің азаматтық авиация комитеті басқармасының басшысы: 

- Осы құжатқа сәйкес Халықаралық азаматтық авиация ұйымы Қазақстан Республикасына авиациялық экологиялық отынды дамытуға және ол үшін қажетті оқыту ұйымдастыруға, сондай-ақ елімізде осы   бағдарламаны одан әрі дамыту үшін тиісті ақпарат пен халықаралық тәжірибені ұсынуға жәрдемдесетін болады. Айта кету керек, бұл келісім Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде тұңғыш рет жасалды және Қазақстан Республикасы үшін азаматтық авиацияны дамытуға жасалған үлкен қадам болып табылады. 

Сонымен қатар, құжатқа сәйкес, халықаралық ұйым Қазақстанға ұлттық іс-қимыл жоспарларында бар және нақты жобаларды іске асыруда экологиялық таза авиациялық отынмен байланысты мәселелер бойынша техникалық көмек көрсетеді.