Қазақстан Президенті Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот
төрағасы Эльвира Әзімованы қабылдады. Сондай-ақ, жиынға Конституциялық комиссия
төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Конституциялық
комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан
Жиенбаев қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа медиа кеңістікте тікелей көрсетіліп
жатқан отырыстардың нәтижесі туралы мәлімет берілді. Соңғы 6 айда
Конституциялық реформалар қоғамдық талқылауда болды. Электронды платформаға
азаматтардан, ғалымдардан, сарапшылардан, заңгерлерден, саяси партиялардан,
үкіметтік емес ұйымдардан, кәсіптік және бизнес қауымдастықтардан 2 мыңнан аса
ұсыныс келіп түскен. Комиссия мүшелері Конституция преамбуласының түбегейлі
жаңа редакциясын, бірқатар баптарды және бөлімдерді әзірлеп, қарастырды. Мемлекет
басшысы алдағы Конституциялық реформа еліміздің дамуына тың серпін беретінін
атап өтті.

