Елордада Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ірі бизнес өкілдерімен кездесті. Мемлекет басшысы бизнес қоғамдастықты жаңа экономикалық саясат қалыптастыруда бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Президент жаңа экономикалық саясаттың негізгі принциптері адал бәсекелестік, қабылданған шешімдердің ашықтығы, мемлекеттік саясаттың болжамдылығы, бизнестің салықтық адалдығы, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі екендігін айтты. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жанынан отандық кәсіпкерлер кеңесін құруды тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай орган бизнестің идеяларын тікелей жеткізе алады және нақты әрі тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Президент бизнес-қоғамдастықпен тұрақты түрде кездесулер өткізуге дайын екенін атап өтіп, «Қазақстан халқына» қорына қаржы аударып үлгергендерге алғыс айтты. Аталмыш қорға ірі компаниялар жыл сайын Үкімет белгілеген салық мөлшерлемесін аударатын болады. Сонымен қатар Президент отандық компанияларды Қазақстан экономикасына қайта инвестициялауға шақырды.