Қазақстан мен Армения 15 келісімге қол қойды

Қазақстан мен Армения 15 келісімге қол қойды

Қазақстан мен Армения үкіметаралық және ведомствоаралық 15 құжатқа қол қойды. Олар экономика мен өнеркәсіптен бастап цифрландыру мен ғылымға дейінгі негізгі салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған. Сондай-ақ, атом энергетикасы және бірлескен Іскерлік кеңес құру жөнінде келісімдер жасалды. Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрінің қатысуымен ресми делегация мүшелері аталған құжаттармен алмасты. Никол Пашинян Астанаға ресми сапармен келді. Тараптар шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Қазақстан Президенті бұл сапар елдер арасындағы стратегиялық әріптестіктің дамуына үлкен серпін беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


Армения – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы басты саяси және сауда-экономикалық серіктесінің бірі. Қазақ жұрты армян халқын ерекше қадірлейді. Оның терең тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарайды. Қазір Армения Қазақстан азаматтары көп баратын туристік елдің біріне айналды. Биыл қос халықты жақындастыра түскен айтулы оқиғалар болды: Арменияда алғаш рет Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Ереванда ұлы ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының құрметіне саябақ ашылды.


Бүгінде Қазақстан мен Армения арасында екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылым-білім салаларында байланыс орнаған.  Кездесу аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян транзиттік-көлік бағытын дамыту, өзара инвестиция алмасу, жер қойнауын пайдалану, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу бойынша ынтымақтастық әлеуетін талқылады. Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан мен Арменияның арадағы тауар айналымы 82 млн долларды құрады. Оның әлеуеті бұдан да жоғары.  Қазақстан аталған ел нарығына 350 млн доллардың өнімін ұсынуға дайын.


Никол Пашинян, Армения Премьер-Министрі:


- Қазақстан біздің еліміз үшін өте жақсы үлгі деп санаймыз. Біз қазақ халқын құрметтейміз. Осы құрмет екіжақты ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға негіз болады. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өзара ықпалдастығымыздың басты бағыттарын ілгерілету жағдайын жан-жақты талқыладық. Өңірдегі өзгерістерді ескерсек, экономикалық және көлік саласындағы қатынастарымыздың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашылады. Көлік бағытындағы әлеуетті толық жүзеге асыру маңызды. Оның нәтижелі болатынына сенімдімін

Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кавказдағы жаңа геосаяси ахуал екіжақты және аймақаралық ынтымақтастықты нығайтуға қолайлы жағдай туғызып отырғанын атап өтті. Бұл көлік-транзит саласына тікелей қатысты. Осылайша, қараша айында Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы 1 мың тоннасы жеткізілді. Осы орайда, Қазақстан серіктес елге жоғары сапалы астық өнімдерін және басқа да тауарларды тұрақты түрде жеткізуге дайын. Тараптар өзара тікелей әуе қатынасын ашуға да ниетті екендерін танытты. Қазақстан Президенті Армения премьер-министріне қазақ-армян қарым-қатынастарын дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?