Қазақстан Президенті ауылдарды дамытудың негізгі міндеттерін белгіледі

Қазақстан Президенті ауылдарды дамытудың негізгі міндеттерін белгіледі

Астанада Мемлекет басшысымен арнайы диалог алаңында еліміздің елді-мекендерінің өзекті мәселелерін талқылау үшін екі мыңға жуық ауыл әкімі жиналды. Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдың жағдайы - Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар мәселе екенін атап өтті. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше. Елді мекендердің гүлденуі олардың жұмысына тікелей байланысты. Елімізде ауқымды саяси реформалар жүргізіліп жатыр. Оның бірі ауыл әкімдерін тікелей сайлау.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сондықтан біз орынсыз асығыстыққа жол берген жоқпыз, ауыл әкімдерін сайлау жұмысын 5 жылдың ішінде біртіндеп жүзеге асырдық. Бүкіл еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі сайланды. Олардың орташа жасы – 43 жас. Жаңадан сайланған әкімдердің үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Ауылдағы сайлау саяси партиялардың аймақтардағы жұмысына тың серпін берді. Ал 700-ден астам азамат өзін-өзі ұсынып, сайлауда жеңіске жетті. Сайланған әкімдер жұмысқа кірісіп кетті, жалпы нәтиже жаман емес деуге болады. Ең бастысы, олар жергілікті жұрттың мұң-мұқтажын, шешімін таппай жатқан түйткілдерді жақсы біледі. 

Осындай жаңғырудың арқасында бюджеттiк қаржыландыру неғұрлым тиiмдi игерiле бастады, елдi мекендердiң кiрiстерi де өстi. Жақында жүргізілген сауалнамаға сәйкес ауыл тұрғындарының 84% өз әкімдеріне сенетіні анықталды. 4 жылда ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 800 астам нысан салынды. Сондай-ақ, 388 жаңа мектеп ашылды. Былтыр 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интернет берілді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Жыл өткен сайын ауылдың әлеуеті артып келеді. Өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жоғары ауылдардың саны көбейе түсті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алты жылда 1,5 еседен астам өсіп, 8,3 триллион теңгеге жетті. Биыл ауылдағы шаруаларға 1 триллион теңге көлемінде қолдау көрсеттік. Дәл осындай мемлекеттік қолдау көрсеткен елдер көп емес, тіпті, бұл көптеген ел қол жеткізе алмайтын қаржылай көмек деуге болады. 

Ауылды одан әрі дамыту үшін Президент әкімдерге қойылатын талаптарға баса назар аударды. Олар өздерінің сауаттылығын арттыруы тиіс. Бұл ретте Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құзырлы министрлікпен бірлесіп, оларды даярлауға белсенді түрде кірісу қажет. Сонымен қатар, ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін күшейту керек. Мемлекет басшысы заңнамаға енгізілетін түзетулерді талқылау кезінде депутаттарға осыны ескеруді тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің тұрғындар алдында есеп беруі туралы талапты заңнамалық деңгейде бекітуді және өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда олардың өкілеттіктерін тоқтату тетіктерін ойластыруды тапсырды.

Сондай-ақ, Президент Үкіметке ауылдарды цифрландыруға басымдық беруді жүктеді. Тағы бір маңызды жайт - ауылдағы бизнесті қолдау. «Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беруде. 2029 жылға дейін осы бағдарламаға 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?