Қ. Тоқаев республикалық штабтың отырысын өткізді

Мемлекет басшысы Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, биылғы қарғын су ауқымы жағынан соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кетті. Президент сонымен қатар қазір су тасқынынан төнетін қауіп сейілді деуге болмайды деп қосты. Сондықтан Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық ұланның, Қарулы Күштердің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық күші мен құралын, еріктілерді, жәрдем бергісі келетін азаматтарды тарту керек. 

Қазіргі басты міндет – адам шығынына жол бермеу, деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен барлық тұрғындар мен өңірлерге барынша қолдау көрсетуді тапсырды.   

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

–  Үкіметке, құзырлы мемлекеттік органдарға және облыс әкімдеріне бірқатар тапсырма беремін. Бірінші, су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетілсін. Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын. Екінші мәселе, су басқан аймақтарда әлеуметтік маңызы бар қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу керек.  

Қасым-Жомарт Тоқаев жобалау, сараптама жасауды, оның ішінде Қазсушар және Қазгидромет жұмысын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, Цифрлық даму министрлігі Экология, Су ресурстары және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп жыл соңына дейін барлық ықтимал төтенше жағдайларды модельдеуге, тиісті болжамдар, ұсынымдар мен іс-қимыл жоспарын жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуі керек. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

–  Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар, ең алдымен, облыстардың әкімдері жазғы маусымға да дайын болуы қажет. Өрт немесе басқа да табиғи апаттардың болуы әбден мүмкін. Осы ретте еліміздің шығыс өңірлеріндегі су тасқынын модельдеу жөніндегі Төтенше Жағдайлар Министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының бірлескен жұмыс тәжірибесін қолдануға болады. Төртіншіден, қарғын суды ауыл шаруашылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеу және пәрменді шаралар қабылдау керек. Әкімдіктер еріген қар суын елді мекендерден өзен арналарына немесе тоғандарға бұру жұмыстарын жүргізуі керек. 

Мемлекет басшысы сондай-ақ Үкімет бекіткен 2030 жылға дейінгі су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасының ережелерін қайта қарауды тапсырды және су тасқынына қарсы күрестің халықаралық тәжірибесін мұқият зерделеуге шақырды.