Қазақстан Президенті Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде сөз сөйледі

Қазақстан Президенті Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде сөз сөйледі

Қазақстан жаһандық климаттық күн тәртібін берік ұстанады. Еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп қойды. Бұл туралы бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы 29-шы конференциясы аясында өтіп жатқан климат саласындағы іс-қимыл жөніндегі әлем көшбасшыларының саммитінде айтты. Мемлекет басшысы пленарлық сессияда бірінші болып сөз сөйлеп, табиғаттың өзгеруіне қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті. Бұл міндетті орындау үшін нақты қаржыландыру көздері мен заманауи технологияларға арқа сүйейтінін жеткізді. Бұл ретте климаттық өзгерістерге  осал аймақтарға, әсіресе, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдерге айрықша мән берілуі қажеттігіне тоқталды. 

Қасым-жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Әлемдегі зиянды шығарындылардың 1 пайызы ғана Орталық Азия елдеріне тиесілі. Соған қарамастан бұл аймақ көптеген климаттық қатерге ұшырап отыр. Табиғаттағы өзгерістерге қарай әрекет ету шараларының тиімділігін арттыру үшін біз жасанды интеллект, жерсерік арқылы мониторингтің озық технологияларын, қауіпті алдын ала ескертетін, су және жер ресурстарын анағұрлым тиімді басқаратын басқа да цифрлық құралдарды белсенді қолдануға тиіспіз. 

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзіндегі су ресурстарына қатысты проблемаға тоқталды. Әсіресе  ол жаһандық су цикліне әсер етіп отыр. Соңғы кездері табиғат апаттарының 80 проценттен астамы осы төңіректе орын алуда. Президент биыл Қазақстанның бұрын-соңды болмаған алапат су тасқынымен бетпе-бет келгенін тілге тиек етті. Қазір республикада қауіп-қатерді басқарудың кешенді жүйесін енгіземіз 

Қасым-жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Су мәселесіне жаһан назарын аудару мақсатында биыл желтоқсан айында Франциямен бірлесіп One Water саммитін өткіземіз. Форумға қатысушылар су ресурстарын жаһандық деңгейде басқару мәселелерін талқылайды. Бүгінде Каспий теңізіне қауіп төніп тұр. Әлемдегі ең үлкен көлді құтқару – баршаға ортақ міндет әрі бұл ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықты талап етеді. Осы орайда Президент Ильхам Әлиевтің Каспий маңы мемлекеттерінің сарапшылар тобын құру туралы ұсынысын қолдаймыз. Сонымен қатар Қазақстан Арал теңізін құтқару үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. 


Бүгінде адамзат үшін көміртегі шығарындыларын азайту маңызды. Бұған тұрақты ауыл шаруашылығына көшу септеседі. Бұл ретте Қазақстандағы ауыл шаруашылығына жарамды 200 миллион гектар жер үлкен мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біздің еліміз яғни ауаға таралатын парниктік газдардың мөлшерін азайту және топырақты құнарландыру арқылы ауыл шаруашылығын жүргізу әдістерін енгізуге қай жағынан да қолайлы мемлекет. Президент барлық мүдделі тараптарды Қазақстанның осы саладағы әлеуетін зерттеуге шақырды. Республиканың мүмкіндіктері мұнымен шектелмейді. Қазақстан әлемдік нарыққа 43% уран жеткізуші ретінде төмен көміртекті ядролық энергетиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. 

Әсел Күшенғалиева.