Ұлыбританияда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бағытталған барлық турлар сатылып кетті. «Kazakh Tourism» компаниясының дерегінше, осы елдің азаматтары арасында биылғы күзде Қазақстанды саяхаттауға деген қызығушылықтың артқаны байқалады. Сұраныстың өсуіне беделді туристік басылымдар мен шетелдік БАҚ біздің еліміз жайында таратқан мақалалармен байланысты дейді сала мамандары. Сонымен қатар елде туризмді дамыту да өз септігін тигізген көрінеді. Мәселен «Wanderlust» әлемдік басылымының рейтингінде Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде баруға міндетті ТОП-24 елдің қатарына енген жалғыз республика.
Қайрат Сәдуақасов «Kazakh Tourism ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
– Жылдан жылға Қазақстан шетелдік туристердің қызығушылығын арттыруда. Себебі, біз Wanderlust-тің американдық және еуропалық оқырмандары үшін салыстырмалы түрде жаңа бағытпыз. Басылым тізіміне ену еліміздегі туризмді дамыту барысындағы үлкен жетістік десек болады. Шетелдік туристердің Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы білуі де біз үшін маңызды. Биыл оны Астанада өткіземіз. Келушілер үшін Қазақстанды, әсіресе Астананы жаңа қырынан ашуға тырысамыз
2023 жылы Қазақстанға 1 млн аса шетелдік турист келді
Қазақстанға шетелдік саяхатшылар ағыны артқанын статистикалық мәліметтер де растап отыр. Мәселен былтыр елімізге сырт мемлекеттерден 1 млн астам турист келген. Бұл 2022 жылдың көрсеткішінен 17% көп. Ол кезде 982 мың шетелдік азамат көрікті жерлерімізді қызықтап қайтқан. Қазақстандықтардың да дені өз демалыстарын туған елінде өткізуді жөн санайды. Ішкі туристердің қатары былтыр 647 жарым мыңнан бірден 7 млн адамнан асып түскен.