Қазақстан Президенті Ақордада өткен салтанатты іс-шарада әйелдер қауымын төл мерекесімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев тіршілік пен берекенің бастауы, шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы болып жүрген нәзік жанды қауымға ақ тілегін арнап, жылы лебізін жеткізді. Олардың салт-дәстүрімізді сақтау мен болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі маңызын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы халқымызда ерлік пен елдіктің туын биік ұстаған арулар аз емес екенін алға тартып, олардың есімі ел шежіресіне алтын әріппен жазылғанын айтты. Тұмар мен Бопай ханымдардың, Домалақ ана, Зере және Ұлпан аналардың, Әлия, Мәншүк, Хиуаз секілді батыр қыздарымыздың аты ел жадында.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
- Бүгінде сіздер санасы сергек, ойы азат ұрпақ өсіріп, Отанымыздың өркен жаюына айрықша үлес қосып келесіздер. Қазақстанның сан түрлі салада жетістікке жетуіне қыз-келіншектеріміз мол еңбек сіңіруде. Бүгін Ақордаға шақырылған әйелдер арасында Отанымызға әр салада еңбек сіңірген білікті мамандар бар. Мен баршаңызға зор алғыс айтамын!
Президенттің пікірінше, Ана мен баланың жағдайы дұрыс болса, әлеуметтің
жағдайы да дұрыс болады. Мемлекет әйелдерді барынша қорғауға және жан-жақты
қолдауға баса мән береді. Еліміздің барлық аймағында отбасыларға қолдау
көрсететін орталықтар ашылуда. Көп балалы аналарды қолдаудың ұлттық моделі
қалыптасты. Соның арқасында жыл өткен сайын көп балалы отбасылардың саны артып
келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазір әйелдер түрлі салада табысты еңбек етіп
жүргенін атап өтті. Мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбін, сонымен қатар
білім беру, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың 70% астамын нәзік жандылар
құрайды. Дені бизнесте, әскерде және құқық қорғау құрылымдарында жауапты қызмет
атқарады. Спортшылар ел намысын халықаралық аренада лайықты қорғап жүр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бойларыңыздағы мақсаткерлік пен жасампаздық
қуаты ең батыл бастамаларыңызды жүзеге асыруға көмектесіп келеді. Берік
азаматтық ұстанымдарыңызды танытып, қоғамдық жұмысқа да жан-жақты
атсалысасыздар. Маңызды бастамалар мен халыққа қажетті әлеуметтік жобаларды
іске асырып жүрсіздер. Қай іспен айналыссаңыздар да жауапкершілікпен қарап,
ұдайы оң нәтижеге қол жеткізіп келесіздер.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысы еліміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген бір топ әйел азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады. Алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» және «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атақтары берілді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

