Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін отандық бизнес өкілдерімен кездесті. Қазақстан Президенті айқындаған стратегиялық міндет - экономиканы нығайту арқылы біздің республикамыздың өңірдегі көшбасшылық рөлін сақтау және күшейту. Бұл міндет ұлттық идеяның маңызды элементіне айналуға тиіс. Қазақстан жаңа көзқарастар мен тәсілдер дәуіріне қадам басты. Сондықтан, еліміз түбегейлі өзгеріп, жаңа жағдайға бейімделуі керек. Президент өз сөзінде мемлекет пен ірі кәсіпорын иелерінің арасындағы нәтижелі серіктестіктің маңызды екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалар, цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік және логистика салалары экономиканы дамытудың басым бағыттарына айналуға тиіс деп санайтынын жеткізді. Мемлекет басшысы бұл ретте шағын және орта бизнес назарсыз қалмайтынын тілге тиек етті. Кәсіпкерлерді қолдау мәселесі ұдайы Үкімет назарында болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл ретте инвестиция салуға тартымды дәстүрлі салаларға мән беріп қана қоймай, табыс әкелетін жаңа бағыттарды қарастырған жөн. Қазіргі геосаяси жағдай мен әлемдік сауда конъюнктурасын ескерсек, көлік-логистика саласының орасан зор әлеуеті елеусіз қалып жатыр. Теміржол, автомобиль және әуе арқылы жүк тасымалына сұраныс артып келеді. Іс жүзінде, аталған сектор басымдыққа ие бола бастады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміздегі іскерлік ахуалды жақсарту – ең басты мақсаттардың бірі. Бизнесті заң жүзінде негізсіз тексерістерден қорғау қамында кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтіліп, «прокурор сүзгісі» енгізілді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды. Оның мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің және депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдауы қажеттігін баса айтты. Оның пікірінше, тек бюджет қаржысымен экономиканы жаңғырту мүмкін емес. Аталған үдеріске банктердің бәрі атсалысқаны маңызды. Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, бизнес өкілдеріне әлеуметтік белсенділік танытқандары үшін алғыс айтты. Үкімет немесе құқық қорғау органдары арқылы мемлекет кәсіпкерлердің заңды қызметіне ешқандай кедергі келтірмеуге тиіс деген ұстанымын жеткізді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

