Қазақстан Президенті Ақмола облысындағы егін жинау науқанымен танысты. Президентке
биыл өңірдегі егіс алқабының көлемі 300 мың гектарға ұлғайып, 5,5 миллион
гектарға жеткені жөнінде баяндалды. Болжамға сай, аймақтағы агроқұрылымдар 7 млн
тоннадан астам дәнді дақыл жинамақ. Бүгінге дейін үш жарым млн тоннадан астам
астық бастырылды. Жиналған өнімнің сапасы жоғары. Президент ауыл шаруашылығы
кәсіпорындарының жетекшілерімен де әңгімелесті. Мемлекет басшысы өнімді терең
өңдеудің маңызына ерекше тоқталып, экономикадағы ауыл шаруашылығының үлесін
арттыру қажеттігін баса айтты. Бүгінде саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 6% тең.
Оның үстіне қазақстандық бидайды экспорттау әлеуеті өте жоғары. Қазірдің өзінде
біздің астықты Еуропа елдері сатып алып жатыр. Бүгінде бидайдың алғашқы легі
Вьетнамға жөнелтілді.

