Таяу Шығыстағы экономикасы ең үлкен ел – Сауд Арабиясы Қазақстанмен бірлескен жобаларды белсенді түрде дамытуға мүдделік танытуда. Біздің ел аталған Корольдікпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына биыл 30 жыл толды. Осы аралықта мемлекеттер арасында тығыз экономикалық және саяси ынтымақтастық артып келеді. Бұл ретте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Джиддаға ресми сапары тараптар байланысының беки түсуіне серпін берді. «Silk Way» телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы елшісі осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінше елдеріміз жасыл энергетика саласында әріптестік аясын кеңейтуге бейілді. Бүгінде бұл бағытта Жетiсу облысында желден қуат өндіретін станция салу бойынша бiрлескен жоба жүзеге асырылуда. Саудтық компания жаңартылатын энергия көзі нысанын салуға 1,5 млрд доллар қаржы құйды. Экономиканың өзге бағыттары бойынша әріптестік әлеуеті кең.
Файсал Ханиф Әл-Кахтан, Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы елшісі:
– Агроөнеркәсіптік кешен екіжақты ынтымақтастықты кеңейту үшін әлеуетті бағыттардың бірі. Сауд Арабиясының ауыл шаруашылығы министрінің Қазақстанға сапары аясында Қазақстан Президентімен келіссөздер жүргізілді. Жақында Саудтық даму қорының басшысы да Қазақстанға сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы бірлескен жобаларды іске асырудың мүмкіндіктерін талқылады. Біз осы бағытта азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы тығыз әріптестікке мүдделіміз. Қазақстан әлемдік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлесі басым елдердің бірі.