Қазақстан Президенті Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды. Мұнда жаңа АІ жобалары мен технологиялары пайда болады. Бұл қолданбалы шешімдер мемлекеттік немесе бизнес секторларын ғана емес, қазақстандықтардың күнделікті өмірін оқтайландыруға арналған. Орталықта Astana Smart City жобасы іске қосылды. Бұл қала жүйелері мен деректерді нақты уақыт режимінде біріктіретін бірыңғай АІ-платформа.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар білім беру
бастамасын іске қосу рәсіміне қатысты. Осылайша, еліміздің 14 өңірінде жасанды
интеллект бойынша оқу орындары - Tomorrow School ашылды. Талантты жасөспірімдер
үшін TUMO Astana креативті технологиялар орталығы іске қосылды. Президентке
сондай-ақ Alem.ai. базасында орналасатын AI Research University - зерттеу
университеті таныстырылды. Оқу үдерісін биыл 1 қыркүйектен бастау жоспарланып
отыр. Кейін Мемлекет басшысы Alem.ai battle және AI Governance Cup конкурстарының
жеңімпаздарын марапаттады. Ол прогрессивті жастарды елді жаңа деңгейге
шығаратын басты қозғаушы күш екені атап өтілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Осы құндылықтардың бәрі де Халық Конституциясының
преамбуласына арнайы жазылды. Мемлекеттің басты байлығы – адам. Сондықтан адам
капиталын дамыту конституциялық міндет ретінде айқындалды. Бас құжатта
еліміздің ғылым мен білімге, инновацияға басымдық беретіні нақты көрсетілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жаңа технологияларды дамыту
үшін қажетті іргетас қаланғанын атап өтті. Жасанды интеллект және цифрлық даму
министрлігі құрылды. Жаңа технологияларды енгізу үшін заңнамалық негіз жасалып,
Цифрлық кодекс қабылданды. «Жасанды интеллект туралы» Заң күшіне енді. Таяу
арада Қазақстанның цифрлық даму бағдарын айқындайтын Digital Qazaqstan
стратегиясы бекітіледі. Бұған қоса, суперкомпьютер кластері іске қосылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу елімізді жан-жақты жаңғыртудың негізгі факторларының бірі саналады. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінен бастап креативті индустрияға дейінгі салаларды қамтиды. Жазда Астанада «Болашақ ойындары» өтеді. Дәстүрлі ережелер мен киберспортты ұштастыратын жарысқа әлемнің 50 елінен мыңға жуық спортшы қатысады. Жаңа спорт түрі озық технологияларды күнделікті тұрмысқа жедел бейімдеуге, ең бастысы, жастар арасында спортты насихаттауға жол ашады.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект
ауқымды өзгерістерге жол ашатынын айтты. Демек, салаға жоғары білікті кадрлар
қажет. Ол үшін студенттерді, педагогтар мен мектеп оқушыларын АІ дағдыларына
баулу қажет. Мемлекет басшысы екі сайыста ұсынылған жаңашылдықтарға
тоқталып, мұның бәрі идея немесе
пилоттық жоба деңгейінде қалып қоймауы керек деді. Негізгі мақсат – озық
бастамаларды мемлекеттік құрылымдардың қызметіне кезең-кезеңімен енгізіп,
жұмыстың тиімділігін арттыру.

