Қазақстанда көмір химиясы орталығын құру көзделуде. Онда қатты отынды терең өңдеуге қатысты тың жобалар қолға алынбақ. Яғни, отандық химия өнеркәсібін дамытады. Оны саланың ғылыми зерттеу істерімен айналысатын елдегі әзірге жалғыз институт базасында ашу жоспарланған. Бүгінде институт құрамы көмірді қуат пен жылудың көзінен бөлек өндірістік тұрғыда кәдеге жаратудың жаңа әдістерін сынауда.
Болат Ермағамбетов, Көмір
химиясы және технологиясы институтының директоры:
-Ауыл шаруашылығы өсімдіктеріне, дәнді-дақылдарға сондай-ақ, жеміс-жидектерге қажетті органикалық тыңайтқыштарды көмірден алуға болады. Қазір біз солардың ғылыми негізін әзірлеп, жүзеге асыруға дайындап жатырмыз. Дәріге қатысты да сынақтан өткізілген бірнеше түрі жануарлардың, жылқы, сиыр, қойлардың иммунитетін көтереді және олардың ауруларға төзімділігін арттырады.
Мамандар көмірден 400-ден астам өнім түрін алуға болатынын алға тартады. Озық технологиялармен қайта өңделіп, байытылған дайын өнімнің құны да 20-25 есеге дейін жоғары болмақ. Елдің бұған қажет шикізат қоры жеткілікті. Сарапшылардың есебінше жер қойнауында игерілмеген 34 млрд тонна көмір бар. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемдегі көшбасшы мемлекеттердің ондығына кіреді. Мамандар бұл шикізат қорының кемі 300 жылға жететінін болжап отыр.
Ержан Елекеев, «Kazakh Invest» ҰК Басқарма Төрағасы:
-Егерде көмір химиясын дамытатын болсақ елімізге 25-30 млрд доллар тартуға болады. Бұл іске стратегиялық тұрғыда қарап осы бағытта жетекші компаниялар немесе елдермен жұмыс жасау маңызды. Бұл ретте АҚШ елінің тәжірибесі мол. Олар салаға мол инвестиця құяды. Сондай-ақ, көршіміз Қытай мен Еуропалық Одақ елдері де алдыңғы қатарда келеді. Менің ойымша, келесі жылы Қазақстанда инвестициялық жобаларды бастау үшін белгілі компаниялармен нақты келісімдер жасалатын болады.
Биылдың 4 айында ғана
Қазақстанда 36 млн тоннадан астам көмір өндірілген. Оның 6 жарым млн тоннасы
экспортталды. Отандық қатты отынды негізінен Ресей, Латвия, Польша, Израиль,
Өзбекстан мен Түркия елдері импорттайды.