Қазақстан халықаралық саясатқа белсене араласып,
жаһандық маңызға ие игі бастамалардың ұйтқысына айналды. Еліміздің әлемдік
деңгейдегі беделін Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте болған жұмыс
сапары және БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 78-сессиясының жалпы пікірталастарына
қатысу барысында тағы бір паш етті. Бұл сапарында Президент Америка Құрама
Штаттарымен қатар өзге де елдермен өзара
әріптестік көкжиегін кеңейтетін бірқатар келіссөз жүргізді. Қазақстандық
стратегиялық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Мирас Жиенбаев арнамызға
берген сұхбатында осындай пікірмен бөлісті. Оның айтуынша, Нью-Йоркте біздің ел
қатысқан іс-шаралардың дені жер-жаһанда
өзара түсіністік пен қолайлы халықаралық орта қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар Қазақстан өзін ұзақ уақыт бойы бірлігі жарасқан бейбіт мемлекет
ретінде танытты. Қазақстан Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты
даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құрудың бастамашысы болып отыр.
Мирас Жиенбаев, ҚР Президенті
жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер орталығының еуропалық және америкалық
зерттеулердің жетекші сарапшысы:
-Қазақстан диалог пен
халықаралық құқықтың үстемдігі қағидаттарына адал болып қала береді. Біз
континенттердің жаңа өзара байланысын жақтаймыз, ынтымақтастықтың айқын
нормалары мен қағидаттарын берік ұстанамыз. Бүгінде ел астанасында өзге елдердің
өкілдері тоғысып әлемде болып жатқан қайшылықтар шешімін табуда. Мысалға
келтіретін болсақ, Сириялық процесс. Осы
тұрғыда Ауғанстандағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу жөніндегі бастамаларымыздың
ауыз толтырып айтуға болады.