Қазақстан Парламенті Марракеш шартын мақұлдады

Қазақстан Парламенті Марракеш шартын мақұлдады

Қазақстанда көру қабілеті нашар адамдардың баспа ақпаратына қол жеткізуі жеңілдей түседі. Сенат Марракеш шартын мақұлдады. Аталған құжат келісімді  қабылдаған елдерге зағип жандарға арналған әдебиет, көркем шығармалар мен түрлі оқу материалдарын өзара ыңғайлы форматта алмасуға мүмкіндік береді. Яғни, Брайль қарпімен басылған туындылар және аудиожазбалар қолжетімді болады. Салалық министрліктің пікірінше, тиісті құжат заңды күшіне енгенде елімізде нашар көретін адамдарға арналған кітаптардың саны артады. Яғни, арнайы кітапханалардың қатары әлдеқайда көбейеді. Қазіргі таңда республика аумағында  көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған кітапханалар желісінде 17 нысан қамтылған. Жалпы  142 кітапхана пункті жұмыс істеп тұр. Олардың қорында 1 млн кітап бар, оның 200 мыңға жуығы Брайль қарпімен жазылған 


Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті сенатының депутаты: 


- Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кұқықтарын қорғау және оларға тең мүмкіндіктер қалыптастыру – әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Осы ретте, қаралған шарттың ережелері көру қабілеті бұзылған адамдардың әдеби және көркем туындыларға қолжетімділігін арттыруды көздейді. Атап айтқанда, келісім аясында тараптар арасында қолжетімді форматтағы даналармен алмасу және оларды импорттау тетіктері қарастырылған.  


Евгений Кочетов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі: 


- Әрине біз енді геометриялық прогрессияда күрт өсім болады деп күтеміз. Себебі бұдан былай әдебиет қолжетімді бола түседі. Яғни, бұл келісімді мақұлдаған елдерді біріктіретін арнайы тетік құрылады. Сол жүйе арқылы өзара тәжірибе бөлісіп, әдебиет алмасамыз. Автор аталған құжатты қабылдаған барлық мемлекеттерге төл шығармасын беруге өз келісімін береді. Сол кезде туындылары бәріне ортақ қолжетімді болады. Алдағы ақпан айында Дүниежүзілік авторлық құқық жөнінденгі ұйым қабырғасында консультативтік кездесу өтеді. Онда кітапхана желілері әдебиетті алуға қатысты тетік әзірлеу бойынша ұсыныстар жасалады.  


Еске салайық, Марракеш шарты 2013 жылы Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының дипломатиялық конференциясында қабылданды. Ел депутаттары мақұлданған заң Қазақстанда инклюзивті орта қалыптастыруда оң үлесін қосады деп сенеді. Әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бүгінде елімізде 85 мыңнан астам зағип жан тұрады. 


Авторы: Жеңіс Ермұқанов. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?