Қазақстан Олимпиада құрамасының спортшылары мен бапкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды

Қазақстан Олимпиада құрамасының спортшылары мен бапкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды

Парижде өткен ХХХIII жазғы Олимпиада ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен Қазақстан құрамасының спортшылары және олардың бапкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Тиісті жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Барлығы 20 адамға «Барыс», «Парасат» және «Құрмет» ордендері табысталды. Осылайша, дзюдодан Қазақстан тарихында алғаш Олимпиада чемпионы Елдос Сметов І дәрежелі «Барыс» орденімен, грек-рим күресі бойынша Қазақстан Ұлттық Құрамасының бас бапкері Юрий Мельниченко ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Төртжылдықтың басты спорттық додасында күмісті қанжығаға салған Демеу Жадраев, Нариман Құрбанов, Нұрбек Оралбай және олардың жаттықтырушылары «Парасат» орденін иеленді. Бұл награда, сондай-ақ, тағы бір дзюдошы, қола медаль жеңіп алған Ғұсман Қырғызбаевқа да бұйырды. Ал, Париж төрінде үздік үштікті қорытындылап, қола алқа таққан Назым Қызайбай, Александра Ле, Ислам Сәтпаев және олардың жеке бапкерлері, сонымен қатар Халықаралық Дзюдо Федерациясы Президентінің кеңесшісі – Асхат Жіткеевке «Құрмет» ордені берілді. Естеріңізге сала кетсек, Париждегі спорт додасында Қазақстан құрамасы 7 медаль, оның ішінде: 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.