Қазақстанда бүгінде 700 мыңға жуық адам ұлттық спорт түрлерімен тұрақты
түрде айналысады. Биыл осы бағыттағы жұмыстарды ілгерілету үшін былтырғыдан 3
есе көп қаржы жұмсалады. Яғни, дәстүрлі спорттық ойындарды қолдауға 6 млрд
теңге бөлінеді. Оның дені жергілікті бюджеттерден қарастырылған. Тек 1,2 млрд
теңгесі ел қазынасынан шығады. Бұл жөнінде Мәжілісте салалық министрлік
өкілдері мәлімдеді. Жиында ұлттық ойындарды спорттың басым түрлеріне кіргізуге
және оларды қаржыландыруға бағытталған заң жобасы қаралды. Бүгінде елде асық
ату, аударыспақ, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, теңге ілу,
тоғызқұмалақ, саятшылық өнері сынды 10-нан астам дәстүрлі спорт түрі ресми
тіркелген. Сонымен қатар, бұл тізімді салбұрын, тазы баулу сияқты жаңа дода
түрлерімен толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Сарапшылардың айтуынша, былтыр
күзде Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары елімізде ұлттық спорттың
жоғары деңгейде екенін көрсетті.
Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт
вице-министрі:
- «Жақында
ғана Мәжілісте дене шынықтыру және спорт туралы заң жобасы қаралды. Бұл құжатта
ұлттық спорт түрлері ерекше санатқа бөлінген. Яғни, оның аясында қазақтың дәстүрлі
спорттық ойындарын дамытуға басымдық беріледі. Аталған заң жобасының қабылдануын
асыға күтіп отырмыз. Ол ұлттық спорт түрлерін жаңа деңгейге көтеруде септігін
тигізеді деп үміттенеміз».
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

