Нидерланды Қазақстанмен энергетика, агроөндірістік кешен, логистика, көлік, және IT бағытында ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүдлелік танытып отыр. Елімізге сапарлап келген Корольдіктің бизнес өкілдері осы салаларда озық технологиялар ендіруге әзір екендерін білдірді. Бұл мемлекеттің кәсіпкерлері мен инвесторлары Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымдық және транзиттік мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар, қос тараптың алғашқы іскерлік кеңесіне қатысты. Кездесулер қорытындысы бойынша өзара бірқатар келісімдерге қол қойылады деп жоспарлануда. Бұл ретте айта кетерлігі, Нидерланды - Қазақстанның Еуроодақтағы ірі инвестициялық және сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Бұл елдің соңғы 20 жылда Қазақстанға салған капитал көлемі шамамен 112 млрд долларды құрады. Тек өткен жылы ғана өзара тауарайналымы 4,5 млрд долларға жуықтады. Сарапшылардың пікірінше, Нидерланды компаниялары ұсынатын технологиялық шешімдер отандық өндірістің тиімділігін арттыруға және экологиялық тұрақтылықты жақсартуға ықпал етпек.
Әнуар Кужикаев, «Бенилюкс «Сауда Палатасы» қауымдастығының бас директоры:
- Бүгін «Нидерланды -
Қазақстан» іскерлік кеңесінің негізгі ережелеріне қол қойылады. Онда жұмыс комитеттерін,
соның ішінде көлік және логистика жөніндегі комитеттерді, сондай-ақ алдағы
жоспарларды анықтаймыз. Келесі жылы іскерлік
кеңесті Нидерландыда өткізуді жоспарлап отырмыз. Қараша айында Нидерландтан делегация келеді деп күтілуде,
сондай-ақ 1-3 қарашада Алматы қаласында Agro-World көрмесі
өтеді, Оған жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша жылыжай және гүл
бизнесінен 20 компания қатысады.
Хэнк Нибур, Нидерланд-Қазақстан
бизнес-қауымдастығының төрағасы:
- Қазіргі уақытта Орталық Азия, Қытай
және Еуропа арасында жаңа логистикалық жолдар құру қажеттігі туындап отыр. Аталған
халықаралық дәліздер Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Ел билігі бұны жақсы
түсінеді. Осы елде жаңа инфрақұрылымды дамыту үшін қазірдің өзінде теміржолдар
және порттардың инфрақұрылымы жаңғыртылуда. Бізде ол үшін барлық қажетті
мүмкіндіктер бар. Біз дәл осы бағыттарда бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.