Қазақстан мен Түрікменстан өзара инвестицияларды көтермелеп, қорғау ісінде
жұмылады. Еліміздің Парламент сенаты екі елдің Үкіметтері арасындағы тиісті келісімді
мақұлдады. Құжат Қазақстан мен Түрікменстан инвесторлары үшін тұрақты және
болжамды жағдайларды қалыптастыруға бағытталған. Келісім халықаралық арбитражға
қол жеткізу және шетелдік инвестицияларға әділ қарау сияқты маңызды мәселелерді
бекітеді. Сонымен қатар, онда басым бағыттардың бірі ретінде энергетика
саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейту көзделген. Қазақстан тарапы әріптес
мемлекеттегі газконденсат кен орындарын игеру мен құбыр инфрақұрылымын кеңейту
жобаларына қатысуға дайын екенін білдірді. Бұл ретте, «QazaqGaz» компаниясы мен
«Түрікменгаз» мемлекеттік концерні арасында жеке келісімге қол қойылды. Айта
кетейік, отандық инвесторлар Түрікменстан экономикасына 16 млн доллардан астам
қаржы салды, ал екіжақты тауар айналымы былтыр 555 млн долларға жетті. Жаңа келісім
экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
Амангелді Нұғманов, ҚР Парламенті сенатының мүшесі:
- Бұл заң экономиканың барлық саласындағы инвестициялық үдерістерге –
мемлекеттік те, жеке сектордағы да инвестицияларға қолдау көрсетуді және оларды
қорғауды қамтамасыз ететін негізгі құқықтық акт. Бұл – қос мемлекеттің бизнес
қауымдастықтарының мүдделерін қорғау бойынша мемлекетаралық деңгейде алғаш рет
нақты кепілдіктер мен міндеттемелерді бекіткен бірегей және маңызды құжат.

