Халықаралық конвенция жетекшілері Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің ұйымдастырылуын жоғары бағалады. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау көрсеткені үшін делегаттарға алғыс айтып, олардың мол тәжірибесі ортақ мәселелердің шешімін табуда нақты тәсілдерді ілгерілетуге ықпал ететініне сенім білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан өңірлік және жаһандық деңгейде экологиялық жауапкершілік қағидаттарын жүзеге асыруды жақтайды. Еліміздің жаңа Конституциясында қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі ретінде айқындалған. Өз кезегінде Халықаралық конвенция өкілдері «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруды құптайтындарын мәлімдеді. Сонымен қатар мәртебелі меймандар еліміздің климат және су проблемаларын шешуге қатысты жаһандық бастамаларына қолдау көрсетті.

