Қазақстан мен Тәжікстан басшылары одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қойды

Қазақстан мен Тәжікстан Одақтастық қатынастар туралы шарт бекітті. Құжатқа Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында қол қойылды. Екі ел көшбасшылары тарихи келісім тұтас Орталық Азия өңірінің орнықты дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал ететінін атап өтті. Бұдан бөлек тараптар өзара байланысын жандандыруға негіз болатын 15 меморандум жасасты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі елдің өзара сауда-саттықты одан әрі дамытуға әлеуеті толық жеткілікті. Қазақстан Тәжікстанға жалпы құны 200 миллион доллар болатын 85 тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Экономикалық кооперацияны күшейту үшін екі ел үкіметтеріне 2027 жылға дейін өзара тауар айналымын ұлғайту туралы жол картасын қабылдауды жеделдету жөнінде тапсырма бердік. Келешекте өзара сауда-саттық көлемін 2 миллиард долларға дейін жеткізуге, тіпті одан асыруға мүдделіміз. Тауар айналымын арттыруға агроөнеркәсіп секторы айтарлықтай үлес қоса алады. Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша елдеріміздің бірі-біріне ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемі 12 пайызға ұлғайып, бұл бағыттағы сауда айналымы 300 миллион долларға жуықтады.

Алдағы уақытта екі ел ынтымақтығы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру және экономиканың басқа да салаларында серпін алмақ. Себебі аталған бағыттарда бірқатар ауқымды жоба әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, мәдениет және білім беру салаларында бірлескен жобалар бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан өңірдегі елдер ішінде Тәжікстаннан келетін студенттерге ең көп білім грантын бөледі. Біз білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Тәжікстанның мамандарын даярлауға және тәжік әскери-техникалық мамандарын оқытуға қосымша мүмкіндіктер қарастырамыз. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен М. Осими атындағы Тәжік техникалық университетінде бірлескен ақпараттық технологиялар факультетінің ашылуын құптаймыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Қазақстанның Тәжікстандағы мәдениет күндеріне арналған салтанатты концертті тамашалады. Мәдени шарада Қазақстан мен Тәжікстанның танымал әртістері мен театр ұжымдары өнер көрсетті.