Қ. Тоқаев: Мәслихат – мемлекеттік биліктің маңызды тармағы

Мәслихат- мемлекеттік биліктің маңызды тармағы. Астанада өткен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Мемлекет басшысы 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгізілгеніне назар аударды. Қазіргі таңда облыстық мәслихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтсе, аудандық депутаттар тек қана мажоритарлық тәсілмен сайланады. Ауқымды реформаның нәтижесінде саяси бәсеке жандана түсті. Мәслихат мінберінде жастар мен әйелдердің қатары көбейген. Президент алдағы уақытта мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу қажеттігіне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

– Қазір жаңа Бюджет және Салық кодекстері әзірленіп жатыр. Онда жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты реформаның ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Кодекс жобаларын талқылауға мәслихаттар белсене қатысқаны жөн. Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс.

Президент сондай-ақ бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумның маңызына тоқталды. АЭС құрылысына қатысты жауапты да шешуші таңдау құқығына Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі деген баға берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берсе, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба. Бірақ бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін даярлауға жағдай жасайды. Демек оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді.