Қазақстан – Қырғызстан одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы келісімге келді

Қазақ-қырғыз өзара қарым-қатынасы стратегиялық әріптестік рухында дамуда. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров шағын құрамда келіссөздер жүргізіп, екі елдің Жоғары мемлекетаралық кеңесінің отырысына қатысты. Тараптар ынтымақтастықты одан әрі жалғастыра түсуге ниетті. Өткен жылы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара тауар айналымы 25% артып, АҚШ валютасында 1,5 млрд-қа жетті. 

Алдағы меже  алыс-берісті 2 млрд-қа арттыру. Қазақстан бірден 195 тауар позициясы бойынша экспортты еселей түсуге дайын. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қырғызстан Президентінің сапары тарихи келісімге қол қою сияқты серіктестікке серпін береді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

- Бүгін біз тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз қатынастарының дамуына тың серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан біз бұл келісімге үлкен үміт артып отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, ынта-жігеріміз де жеткілікті. Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысы ынтымақтастық аясын кеңейтуге жол ашады деп санаймыз. 

Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті: 

- Бүгінгі шара қырғыз-қазақ қатынастарын одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп ойлаймын. Келіссөздердің дәстүрлі одақтастық және стратегиялық байланыс рухында өтіп жатқаны қуантады. Қырғызстан Қазақстанмен екіжақты байланыстарды тереңдетуге бағытталған сыртқы саясат жүргізіп отыр. Бір-бірімізді қолдап, келешекті ойлап, барлық мәселені бірлесіп шешкен дұрыс деп санаймын. Қырғызстанның атқарушы билік органдары екі ел арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңестің шешімдерін іске асыру үшін тиісті шараларды жүзеге асырып жатыр. Бүгінгі кездесулеріміз екі елдің өзара ынтықмақтастығына тың серпін беретініне сенімдімін.

Өзара іс-қимылды нығайта түсу мақсатында тараптар Үкіметаралық кеңес пен Өңіраралық форумның жұмысын жандандыруға, сондай-ақ шекарада салынып жатқан сауда-логистикалық кешенді іске қосуға уағдаласты. Ауыл шаруашылығы саласында бірлескен кәсіпорындар мен ҒЗИ ашылады. 

Инвестициялық жобаларға келер болсақ, қазақстандық бизнес Қырғызстандағы баламалы қуат көздері нысандары мен ферроқорытпа зауытының құрылысына қаражат құймақ. Тараптар су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылды үйлестіру туралы да келісті. Келіссөздер қорытындысы бойынша барлығы 7 құжатқа қол қойылды. 

Атап айтсақ, олардың ішінде Инвестицияларды қорғау, цифрландыру саласында тәжірибе алмасу туралы келісім, Шекарадағы автомобиль өткізу пункттерін дамыту жөніндегі жол картасы бар. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровқа екіжақты қарым-қатынасты дамытуға және нығайтуға қосқан зор үлесі үшін I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.