Қазақстан мен Словакия ықпалдастығы жаңа деңгейге көтеріледі

Қазақстан мен Словакия ықпалдастығы жаңа деңгейге көтеріледі

Қазақстан мен Словакия арасында былтыр тауар айналымы 140 миллион долларды құрады. Екі жақты қарым-қатынасты нығайту тетіктері Ақордада талқыланды. Қазақстанға ресми сапармен Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамдағы келіссөз барысында бұл сапардың қазақ-словак серіктестігін нығайтып, екіжақты қатынастардың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Роберт Фицо келіссөзді екі ел делегацияларының қатысуымен жалғастырды. Мемлекет басшысы Словакияны Қазақстанның Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Астана мен Братислава арасында мазмұнды саяси диалог орнаған. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы байланысымыз жылдан-жылға дамып келе жатыр. Шарттық-құқықтық негізі қалыптасты. Екі елдің алыс-берісі де ұлғаюда. Қазақстанда 30-дан астам словак компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр».

Президент ынтымақтастықты одан әрі әртараптандырудың маңызына тоқталды. Энергетика, өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, логистика, цифрландыру, аса маңызды шикізат материалдары саласында мол мүмкіндік бар. Қазақстан Словакияға мұнай-газ, уран, азық-түлік өнімдерін экспорттауға дайын. Тараптар сауда-саттық көлемін арттыру мәселесіне тоқталды. Инвестициялық ықпалдастықты тереңдетуге де назар аударылды. Бұл ретте Үкіметаралық комиссия маңызды рөл атқарады. Президент комиссияның тең төрағаларының деңгейін министр дәрежесіне көтеруді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Әскери-техникалық байланыстың әлеуеті зор. Бұған қоса, біз келіссөздер барысында Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін бірге пайдалану жайын талқыладық. Бұл – стратегиялық маңызы бар сауда жолының бірі. Мен словакиялық серіктестерімізді осы дәлізді дамыту жобасына қатысуға шақырдым. Бұл саладағы ықпалдастық өзара сауда-саттыққа тың серпін беруге тиіс».

Тараптар мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудың маңызды екеніне тоқталды. Жастар екі елдің жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Олар халық арасын одан әрі жақындастыра түседі. Қасым-Жомарт Тоқаев пен  Роберт Фицо қарым-қатынастың тарихы тереңде жатқанына тоқталды. Қазақ жауынгерлері Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Словакияны азат етуге белсене атсалысты. Қазақстан мен Словакияның көптеген жаһандық үрдістер мен сын-қатерлерге қатысты ұстанымдары ұқсас. Сондықтан қос мемлекет дипломатиялық байланыстарды тереңдетуге ерекше мән береді. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?