Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және
дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Португалияға сапары
аясында БҰҰ Өркениеттер альянсының 10-шы Жаһандық форумына қатысты. Бас қосуда адамзатты
алаңдатқан өзекті мәселелерді еңсеру жолдарын жетілдіру тұстары талқыланды. Мәулен
Әшімбаев өз сөзінде осы тұрғыда Қазақстанның халықаралық аренада белсенді
қолданып келе жатқан тәсілдеріне тоқталды. Еліміз Альянстың Достар тобының
мүшесі ретінде бастамаларын жүзеге асыруға бейілді екенін жеткізді. Әлемдік
және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі мәдениет және дінаралық диалогты
дамытуға арналған жаһандық игі іске еліміздің қосқан үлесі екенін тілге тиек
етті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, Әлемдік
және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы:
- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт
Тоқаев әлемге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық қозғалыс қажет екенін айтты.
Осы тұрғыда бейбітшілікті, келісім мен өзара сенімді нығайтуға арналған діни,
саяси және қоғамдық көшбасшылардың бірлескен күш-жігері ерекше өзекті екені
анық.
Қазақстан Сенатының спикері БҰҰ Бас хатшысымен кездесті:
Сондай-ақ, Сенат Спикері форум алаңында БҰҰ Бас хатшысымен
кездесті. Онда тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Антонио
Гутерриш Қазақстанның жаһандық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз
етуді көздейтін бастамаларын одан әрі қолдауға дайын екенін білдірді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

