Сауда-экономикалық ықпалдастықты арттыру, сондай-ақ көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, өзара инвестициялар және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі жандандыру. Қазақстан Президенті мен Қырғызстан Сыртқы істер министрінің кездесуі барысында осы мәселелерге айрықша мән берілді. Жээнбек Кулубаев Қасым-Жомарт Тоқаевты екі елдің сыртқы істер ведомствосы басшыларының арасында өткен келіссөздердің нәтижесі мен екіжақты бірлесе атқаратын жұмыстың негізгі бағыттары жөнінде мәлімет берді. Мемлекет басшысы берік достық пен тату көршілік байланыстарға арқа сүйеген қазақ-қырғыз қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық сипатында қарқынды әрі дәйекті дамып келе жатқанын атап өтіп, бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды толыққанды іске асырудың маңыздылығына назар аударды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

