Қазақстан мен Швейцария ынтымақтастығын нығайта түседі

Қазақстан мен Швейцария ынтымақтастығын нығайта түседі

Швейцария – Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктестерінің бірі. 2020 жылы бұл мемлекет Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша 3-орынды, ал екіжақты сауда көлемі бойынша 10-орынды иеленді. Қос тарап үкіметаралық, парламентаралық пен іскерлік байланыстарды дамытып, түрлі салаларды қамтитын ынтымақтастығының ауқымын кеңейтуге ниетті.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

- Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Швейцария конфедерациясына ресми сапармен келуі тиіс. Қос мемлекет басшылары арасында келіссөздер өтеді. Біз швейцариялық әріптесімізбен бірге экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыздың әлеуетін және өзекті халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарды талқыладық. Бұл, ең алдымен, Ауғанстанға байланысты болғаны түсінікті. Сондай-ақ түрлі халықаралық құрылымдар мен ұйымдар аясындағы өзара әрекеттесу жолдарын талқыға салдық.

Игнацио Кассис, Швейцария вице-президенті, Сыртқы істер министрі:

- Екіжақты қарым-қатынастарымыз жоғары деңгейде. Сауда және саяси салалардағы өзара әрекеттесуіміздің көпжылдық тарихы бар. Қазақстанды тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймыз! Швейцария – Қазақстан экономикасындағы үшінші ірі инвестор. Тұрақты жағдайда біз одан да көп қаржы құя аламыз. Бреттон-Вуд институты, Дүниежүзілік банк және Халықаралық валюта қоры бағыттары бойынша бірлесіп атқарған жұмыс тәжірибеміз бар. Сондықтан қазіргі кезде және болашақтағы ынтымақтастығыздың керемет негізі қалыптасқан.

Кездесу нәтижесінде бірнеше келісімшартқа қол қойылды. Олардың басым бөлігі экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастыққа бағытталған.

Андре Пардо, Фармкомпанияның Еуропа бойынша вице-президенті:

- Президенттеріңіз жариялаған жаңа экономикалық шаралар экономиканың тұрақтылығы мен бәсекелестігіне және қалыпты өсімге әкеледі деп санаймын. Ал бұл денсаулық сақтау саласына көбірек инвестициялауға мүмкіндік береді. Қазақстан халқының денсаулығы мен дәулетін жақсарту үшін бірлесіп заманауи, қолжетімді және жоғары сапалы дәрі-дәрмек шығара аламыз. Өздеріңіз вакцинаны ойлап тауып, шығарғандарыңыз және оны азаматтарыңыз алып жатқаны өте маңызды.