Сириядағы жағдай, сенімділік шаралары, Женевадағы Сирия Конституциялық комитетінің жұмысын қайта бастау. Осы және өзге де сұрақтарды Сирия бойынша XVI халықаралық кездесу барысында қатысушылар талқылайды. Кезекті кездесу 8 шілде күні елордада өтеді. Ал әзірге кездесуге қатысушылар арасында жабық талқылаулар болады.
Айта кетейік, қатысушылар арасында Бас хатшының Сирия бойынша елшісі Гейр Педерсен, қарулы оппозиция өкілі Ахмад Тома, сондай-ақ Иран, Ресей, Түркиядан келген делегаттар бар. Бақылаушы мемлекеттер қатарында БҰҰ-ның, Иордания, Ливан және Ирактың өкілдері бар. Ертеңгі күнге екі және үшжақты консультациялар, Сирия тараптарымен келіссөздер және бақылаушылармен кездесу жоспарларған. 9 шілдеге жоғарыда аталған консультациялардың жалғасы және пленарлық отырыс белгіленді. Сонымен қатар «Астана форматындағы» кездесу барысында күштеп ұсталған азаматтар бойынша да жұмыс тобының отырысы өтеді.
Авторы: Ақзер Сегізбай