Ақордада Сербия
Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Александр Вучич Қазақстанға ресми
сапармен келді. Тараптар шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Сербияны Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктес
санайтынын жеткізіп, бұл сапардың қарым-қатынасқа тың серпін беру тұрғысынан
өте маңызды екеніне сенім білдірді. Биыл Астана мен Белград арасында дипломатиялық
қатынас орнағанына 30 жыл толды. Осы жылдар ішінде елдердің барлық саладағы өзара
байланыстары нығая түсті. Сауда қатынастары да белсенді дамып келеді. Өткен
жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы шамамен 108 млн долларды құрады, бұл
ретте қазақстандық экспорт 80 пайызға артты. Бүгінде елімізде 60-тан аса
сербиялық компания жемісті еңбек етіп жатыр. Мемлекеттердің астаналарын тікелей
әуе қатынасы байланыстырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
– Көптеген саладағы өзара тиімді байланыстарымызды одан әрі нығайтуға
ниеттіміз. Бүгін екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың
серпін беру тәсілдерін талқыладық. Өз тарапымыздан екі ел арасындағы
ықпалдастықты кеңейтуге барлық жағдайды жасайтынымызды жеткізгім келеді.
Александр Вучич
қонақжайлық танытқаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Белград
Астанамен сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін растады. Сербия
Президенті қазақстандық компаниялардың ортақ жобаларға, әсіресе, құрылыс, қорғаныс
өнеркәсібі, жасанды интеллект, деректерді өңдеу орталығы секілді бағыттарда қосар
үлесін арттыруға мүдделі екеніне тоқталды.
Александр Вучич,
Сербия Президенті:
– Біз Қазақстан ұсынған бірқатар бастамаларды жүзеге асыруға әзірміз. Бұл Сербияда ғана емес, Еуропаның аталған аймағындағы маңдайалды
жобалар болмақ. Сербияға Қазақстанның сенімді құрылыс компаниялары мен
инвесторлары келгенін қалаймыз. Бұл еліміздің инвестициялық тартымдылығын
жақсартып қана қоймай, өзара мәдени, туристік байланыстарды жандандыруға да
септігін тигізеді. Өз тарапымыздан Сіздің еліңіздің экономикасына инвестиция
салғысы келетін сербиялық кәсіпкерлерді ынталандыруға барынша күш-жігер
жұмылдырамыз.
Келіссөздер
қорытындысы бойынша Қазақстан мен Сербия Президенттері Бірлескен мәлімдеме
қабылдады. Сонымен қатар, тараптар жасанды интеллект, цифрлық даму, инвестиция,
ауыл шаруашылығы, ғылым және білім беру салаларындағы ынтымақтастық туралы 10
меморандумға қол қойды.
Қасым-Жомарт
Тоқаев қос ел арасындағы байланысты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін
Александр Вучичті Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран»
орденімен марапаттады.

