Тарихи-құжаттық мұраны жаңғыртып сандық үлгіге көшіру. Елордада дәстүрлі
халықаралық жас архив қызметкерлерінің жазғы мектебінде сала мамандары осы
тақырып аясында тәжірибе алмасып жатыр. Оған Қазақстанның барлық өңірлері мен
алыс-жақын шетелдерден 100-ден астам архив мамандары қатысуда. Олар заманауи
цифрлық технологиялар, жасанды интеллект пен машиналық оқыту әдістері негізінде
мұрағат қызметін дамыту жолдарын талқылауда. Бағдарлама дәстүрлі дәрістермен
қатар, тәжірибелік сабақтар мен тренингтер және бірлескен жобалық жұмысты
қамтиды. Кәсіби тәжірибе алаңына айналған жазғы мектеп соңғы сегіз жылда
1200-ден астам жас маман даярлаған.
Әлия Мустафина, ҚР Президенті архивінің директоры:
- Биыл Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық
құрылтайда ұлттық цифрлік архив құру туралы тапсырма берді. Осы жазғы мектептің
тақырыбы негізі осы бастамасына сәйкес келеді. Негізі қазіргі таңда біздің
архивтің оқырман залы тек қана цифрлық түрде жұмыс жасайды. Біздің бүкіл
қорымыз, зерттеушілерге, қонақтарға цифрлық түрде қол жетімді. Біздің архив
қоры жалпы 1 млн. 500 мың құжаттан астам.
Ольга Павленко, Ресей мемлекеттік гуманитарлық
университетінің ғылыми және жобалық жұмыс жөніндегі проректоры:
- Қазіргі таңда Қазақстанның Ұлы Жеңіске қосқан үлесіне қатысты бірлескен
үлкен жобаны қолға алуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде Ресейдің және сіздердің
барлық дерлік архивтерінде қазақстандық жауынгерлердің ерліктері туралы
көптеген мұрағат құжаттары шоғырланған. Осы жөнінде ауқымды тарихи-деректі
басылым дайындалып жатыр. Сонымен қатар, қазақстандық мектеп цифрлық құжаттану,
жалпы құжаттану және Ресей мен Қазақстан арасындағы бірлескен зерттеулер үшін
кең мүмкіндіктер ашады.

